Басты бетКәсіпорында Жұмыс мамандықтарының жыл қорытындысы шығарылды

Кәсіпорында Жұмыс мамандықтарының жыл қорытындысы шығарылды

Кәсіпорында Жұмыс мамандықтарының жыл қорытындысы шығарылды Кәсіпорында Жұмыс мамандықтарының жыл қорытындысы шығарылды

Мемлекет басшысы жариялаған Жұмыс мамандықтарының жыл аясындағы 2025 жыл Кәсіпорын үшін мазмұны терең, мәні зор кезең болды. Еңбек адамының беделін арттыруға бағытталған бұл бастама өз мәресіне жетіп, ел дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген қызметкерлерді ұлықтауға арналған салтанатты іс-шарамен қорытындыланды.

Кез келген өндіріс орнының басты байлығы - кәсібіне адал, ұзақ жылдар бойы табанды еңбек етіп келе жатқан мамандар.

Қорытынды жиын барысында үздік қызметкерлерге жоғары ведомстволық марапаттар табысталды:

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс Министрлігінің «Еңбек ардагері» Медалімен 40 жылдан астам мінсіз қызметі үшін Аманжол Жамбулатұлы Үсенов марапатталды.

Энергетиктер күні қарсаңында саланы дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Болат Сыманұлы Жангуровқа «Еңбек сіңірген энергетик» құрметті атағы берілді.

Ал кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігі үшін Ерлан Амангелдіұлы Бекжанов «Құрметті энергетик» төсбелгісімен марапатталды.

Жұмыс мамандықтарының жыл басты мақсаты - еңбек ардагерлерінің еңбегін бағалау ғана емес, сонымен қатар қазіргі қызметкерлерді ынталандыру. Жыл қорытындысы бойынша барлық құрылымдық бөлімшелерде үздік қызметкерлер анықталып, жоғары еңбек көрсеткіштері мен міндеттерін үлгілі орындағаны үшін оларға алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табысталды.

Кәсіпорынның тұрақты дамуы жас мамандармен тікелей байланысты. 2025 жылы ұжым қатарына жаңашыл ойлайтын, жігерлі әрі мақсатты жас кадрлар қосылды.

Осы жылы жұмысқа қабылданған 15 жас қызметкер «AMANAT» партиясының «Бірлік» филиалы атынан арнайы марапаттарға ие болды.

«Жылдың үздік тәлімгері» номинациясы бойынша қоғамдық тамақтандыру қызметінің шеф-аспазы Күлзипа Акимбекқызы Қанаева ерекше марапатталды. Оның жас мамандарды кәсіби ортаға бейімдеудегі және көпжылдық тәжірибені табыстаудағы еңбегі - нағыз тәлімгерліктің айқын үлгісі.

Салтанатты іс-шара жыл бойындағы еңбек жетістіктері мен маңызды оқиғаларды қамтыған бейнероликтің көрсетілімімен қорытындыланды. Бұл бейнематериал Кәсіпорында әрбір қызметкердің кәсіби өсуі мен дамуына, еңбегінің лайықты бағалануына толық жағдай жасалғанын айқын көрсетті.