«МТҚБ ӘҒД» РМК қызметкерлері Кәсіпорын директорының 7 айдағы жұмыс қорытындысы бойынша бейресми есебіне белсенділікпен қатысты.
Бүгінгі таңда МТҚБ әкімшілік ғимараттары дирекциясының ұжымы 95%-ға жасақталған және 500-ден астам адамнан тұрады. Бір жыл ішінде жұмыскерлердің ұйым қызметінен кету көрсеткіші екі есе қысқарды және 5,6%-ды құрады (2022 жылы 13,5%).
«Менің ойымша, бұл Кәсіпорын тұрақтылығының ең жақсы көрсеткіші. Кадрлардың кетуі тоқтады. Тіпті біздің Кәсіпорындағы жұмыстарына разы болмай кеткендер, енді жұмысқа қайта оралуды сұрауда. Еңбек тәртібі өсті, еңбек өнімділігі артты», - деді МТҚБ ӘҒД директоры Нұрболат Ертас.
Кәсіпорында кадрлардың тұрақтамауын қысқарту мақсатында әлеуметтік саясат қайта қаралып, кадр саясаты нығайтылды. МТҚБ басшылығы ПІБ басшысының мақұлдауымен РМК-ның коммерциялық қызметінен түскен барлық пайданы ұжымды әлеуметтік қолдауға бағыттау шешімі өз жемісін беруде.
Осы қаражатқа ағымдағы жылы еңбек сіңірген жылдары үшін үстемақы төлеу жүйесі енгізілді (5 жылдан 10 жылға дейін еңбек өтілі бар қызметкерлерге – 5%, 10 жылдан 20 жылға дейін - 8%, 20 жылдан астам - 10%). 72 қызметкер оқудан және біліктілігін арттырудан өтті. Сарыағаш шипажайында көмекші және инженерлік-техникалық персоналдың 15 қызметкері сауықтыруға жіберілді. Меритократия қағидаты бойынша 30 қызметкердің лауазымы жоғарылады.
Жаңа әлеуметтік саясатты енгізу Кәсіпорынның тиімділігіне тікелей әсер етуде: ағымдағы жылдың барлық жоспарланған өндірістік жоспарларын МТҚБ ӘҒД ұжымы сапалы және мерзімінде орындауда.